Өткен күндерді еске алып

ҚР Жоғарғы Сотының отставкадағы судьясы,

«ТШО» компаниясының бұрынғы Аға құқықтық кеңесшісі

Булович Валерий Николаевич

Мерейтой иесімен алғаш рет 1987 жылы маусым айының соңында Алматыда кездестім.  Соған дейін астанаға жаңадан келген мен Алматы қалалық соты төрағасының міндетін атқарушы болып тағайындалған едім. Ол кезде сонау Орал тауының бөктерінде орналасқан Ивдель қаласында судья болып қызмет атқарған Жұмагелді Сәкенұлы өкілеттігін тоқтатып, тарихи отаны Қазақстанға қайтып оралды. Ол маған дейінгі басшылықтың жасаған сайлау тізіміне енгізілген болатын, сондықтан мен оны қалалық соттың мүшелігіне кандидат ретінде қабылдадым.

Судья қызметінен үміткердің жеке ісімен танысқан бойда менде ол туралы қалыптасқан оң көзқарас кандидатпен кездесу, әңгімелесу барысында күшейе түсті. Мен оны жоғары білікті маман, сенімі берік, талапшыл және өзінің күшіне сенетін адам ретінде қабылдадым. Ғылым жолында белгілеген мақсатына назар аудардым, бұл заң ғылымының кандидаты ғылыми дәрежесін алуға кандидаттық диссертация дайындау және кандидаттық минимумдарды тапсыру еді. Айта кететіні, ол минимумның біреуін тапсырып қойған болатын. Жалпы, менде ол туралы өте жақсы әсер қалды.

Ол келіп кеткеннен кейін бір-екі күн өткен соң жағымсыз хабар алдық: қалалық сот төрағасының жұмыс істеп жатқан орынбасарының кандидатурасы сайлау тізімінен алынып тасталыпты. Оның сыбайлас жемқорлық сипатындағы құқық бұзушылыққа қатысы бар делінген. Шұғыл түрде жаңа кандидатура іріктеу керек болды. Ойыма бірден Жұмагелді Сәкенұлының кандидатурасы келді, өйткені ол тамыр-таныстық дегенді білмейтін, барлық талапқа сай келетін таза адам. Болашақ басшының іскерлік қасиеті бар екеніне толығымен көз жеткізу үшін одан жедел, ерікті түрде соттағы қылмыстық істер бойынша атқару өндірісінің жай-күйін тексеруін, статистикалық есеп беру үшін олар бойынша келген нұқсанның түпкілікті сомасын анықтауын және қажет болса бүкіл мұрағаттық қылмыстық істерді жүйелеуін сұрадым. Кейін Жұмагелді Сәкенұлыны өз естелігінде бұл сынақ туралы былай деп жазды: «Мен бұған барлық күш-жігерімді салдым, кешке дейін бас көтермей жұмыс істедім, буда-буда қағаз бен том-том болып үйіліп жатқан құжаттардан басқа ештеңені көрмедім және байқамадым, әбден қалжырап үйге келісімен төсекке құлайтынмын». Бұл жұмысты ол мінсіз әрі санаулы күнде орындады.

Таңдауымның дұрыс екеніне көзім жеткен мен Жұмагелді Сәкенұлын жаңа қызметке бекіту үшін дереу Қазақ КСР Әділет министрлігіне шақырдым. Кандидатурасына объективті оң баға берілгеніне, жеке ісінің мінсіз болғанына және оған дейін барлық керек мақұлдаудың алынғанына қарамастан, министрдің орынбасары (оның өте керемет заңгер екенін айта кету керек) кенеттен бұл мәселеде ыңғай бермей тұрып алды. Оның ызаланғаны сонша, тіпті айқайға басты: «Сен оны білмей ұсынып отырсың», «ол бір күн де облыстық сотта жұмыс істеп көрмеген», «қайта құру мұндай мамандарға төзбейді», «бәрінің басын алып жатыр», «бұл ойластырылмаған шешім» және үрдіс, реформа туралы бірдеңе айтты…

Мен айтқанымнан қайтпаймын деп шештім де, табандылық танытуға тырыстым. Кенет… арамызда орнаған үнсіздікті бұзған оның: «Жарайды, оны сенің жеке жауапкершілігіңмен қолдаймын» — дегенін естідім. Сосын: «Құттықтаймын, орынбасар» — деп қолымызды қысты. Бірнеше күннен кейін, 1987 жылдың 4 шілдесінде сайлау өтіп, Жұмагелді Сәкенұлы өзі үшін де, басқалар үшін де күтпеген жерден Алматы қалалық соты төрағасының орынбасары болып сайланды да, қылмыстық істер жөніндегі сот алқасын басқаратын болды.

Бұл қызметте жұмыс істей бастаған алғашқы күннен-ақ ол сөзсіз бедел мен құрметке ие болды. Аудандық соттар мен кассациялық сатыдағы соттың бірыңғай сот тәжірибесін қалыптастыруға, ауыр қылмыс санатына жатпайтын қылмыстарға жаза тағайындаудың заңды, ізгі және әділ тәжірибесін дамытуға зор үлес қосты. Барлық аудандық соттардың судьяларын апта сайынғы оқыту, сот қателіктерін талдау ұйымдастырылды. Құқық қолдану бойынша консультативтік көмек көрсетілді. Ол кезде кейбір соттардың жүктемесі шамадан тыс көп болуына байланысты көптеген істің соттылығы өзгертіліп, басқа соттардың қарауына берілді немесе қалалық соттың іс жүргізуіне қабылданды. Осының барлығы істерді қараудың сапасын жоғарылатуға мүмкіндік берді де, оң нәтижесі тоқсан сайынғы есепте бірден көрініс таба бастады (республика бойынша 1-2 орын – бұл өткен жылдарда болмаған көрсеткіш).

Жұмагелді Сәкенұлының кәсіби және ұйымдастырушылық қабілеті лайықты бағасын алды, бірақ менің үлкен өкінішіме орай, 1989 жылдың мамырында Қазақстан Компартиясы Орталық комитетіне қызметке шақырылуына байланысты онымен қоштастық. Бірақ арамыздағы байланыс, қарым-қатынасымыз үзілген жоқ.

1991 жылы Жұмагелді Сәкенұлы Қазақ КСР Жоғарғы Сотына қызметке жіберілді. 1993 жылы мен де ҚР Жоғарғы Сотының судьясы болып сайландым, сөйтіп біз 1996 жылдың сәуір айына дейін бірге жұмыс істедік. Жоғарғы Сотта жұмыс істеп жүрген дәл осы кезеңде Жұмагелді Сәкенұлы кәсіби тұрғыда өсіп, шығармашылық шыңына шықты. Ол дайындаған сот құжаттарының сапасы мазмұны жағынан да, дәлелділігі жағынан да жоғары болғаны соншалық, оларды «сот құжаттарының үлгілері» жинағына енгізуге әбден болатын еді.

Жұмагелді Сәкенұлы мен оның әріптесі Сергей Михайлович Марковтың бастамасымен ҚР Қылмыстық кодексінде жеке меншікке қарсы қылмыстар және мемлекеттік және қоғамдық меншікке қарсы қылмыстар туралы екі тарау бір тарауға біріктірілді, осылайша меншік құқығын тең қорғау қағидасы салтанат құрды. Жұмагелді Сәкенұлы сот қызметіне араласу фактілеріне еш ымырасыз қарайтын. Айталық, оның Жоғарғы Соттың Пленумында сөйлеген сөзі және отырыстарының бірінде ҚР Жоғарғы Сотының жұмысын қанағаттағысыз деп таныған ҚР Президенті жанындағы Қауіпсіздік кеңесінің осындай негізсіз ұстанымын өткір сынға алған ресми жазбаша мәлімдемесі әлі есімізде. Ішкі кемшіліктерге де еш келіспей, ымырасыз қарайтын. Мысалы, бірде ол сотқа келіп түскен істерді сот төрағасының немесе оның орынбасарларының емес, бұл істерге ешқандай процестік қатысы жоқ төрағаның көмекшісі бөлетін тәжірибені сынға алды. Осылайша қызмет бабын теріс пайдалану мүмкіндігінің жолы кесілді.

Жұмагелді Сәкенұлы нормативтік құқықтық актілерді әзірлеуге белсене атсалысты. Сот тәжірибесін жалпылаумен терең және байыпты түрде айналысты, осы орайда айта кететіні, ол үстірт көзқарасқа мүлдем жол бермейтін. Кейбір жалпылау нәтижелері ҚР Жоғарғы Соты Пленумы шығарған қаулылардың жобаларына негіз болды. «ҚР Жоғарғы Сотының Хабаршысы» журналының редакция алқасының мүшесі болды, бұқаралық ақпарат құралдарында белсенді түрде мақала жариялап тұрды, Судьялардың біліктілігін арттыру институтында сабақ берді.

1996 жылдан бастап 1997 жылдың қарашасына дейін Жұмагелді Сәкенұлы алдымен ҚР Бас прокурорының орынбасары, кейін ҚР Әділет вице-министрі болып жұмыс істеді. Осы жылдар ішінде онымен іс жүзінде айтарлықтай қарым-қатынасымыз болған жоқ. Анда-санда кездесіп, жүріп бара жатып аз ғана әңгімелескен кезіміз болды.

1997 жылдың 15 қарашасында Жұмагелді Сәкенұлы мемлекеттік қызметтен кетіп, Атырау облысындағы мұнай мен газға бай кен орындарын игеріп жатқан «Теңізшевройл» ЖШС (ТШО) халықаралық кәсіпорнының Шарт-құқық департаментінің Бас менеджері болып тағайындалды. Ал мен болсам, 2000 жылы отставкаға кету құқығын пайдаланып, Жоғарғы Соттың отставкадағы судьясы мәртебесін алдым да, Жұмагелді Сәкенұлының шақыруымен ол басқаратын департаментте құқық мәселелері жөніндегі кеңесші қызметінде жұмысқа кірістім.

Жұмыстың алғашқы аптасында-ақ Жұмагелді Сәкенұлының соңғы 2 жыл ішінде алдына қойған өте қиын мақсатты орындағанына көз жеткіздім: ол халықаралық ауқымдағы кәсіпорынның қызметін құқықтық жағынан қамтамасыз ету міндетін тиімді және мінсіз атқаруға қабілетті ұйымшыл ұжымды біртіндеп қалыптастырды. Департаментте талантты жастар көп болды.

Осы уақытта «ТШО» компаниясының үстінен берілген талап-арыздар бойынша 60-тан астам істің соңғысын («жүргізушілердің істері») қайта қарау аяқталғанда ғана Жұмагелді Сәкенұлының арқа-басы кеңіді. Ақыр аяғында сот сатылары «ТШО»-ның әрекетін заңды деп танып, көлік жүргізушілердің талап-арыздарын қанағаттандырусыз қалдырды.

1998 жылдан, әсіресе 2000 жылдан бастап бақылау және қадағалау органдарының өкілдері өзара байланысты және өзара келісілген 20 шарт пен келісімді, соның ішінде Қазақстан Республикасымен жасалған шарттарды қамтитын «ТШО»-ның құқықтық базасының кейбір ережелерін өзінше түсіндіретін болды, осылайша «ТШО» компаниясының құқығы мен мүддесі жаппай аяқасты етіле бастады. Мәселен, осылайша түсіндірудің нәтижесінде «күкірт ісі» деп аталып кеткен іс қозғалды. Оның мәнісіне келсек, «ТШО» компаниясының құқықтық базасында көрсетілген тауарлық күкірт ведомстволық нұсқаулық бойынша өндіріс қалдығы санатына жатқызылып, оны сақтағаны үшін «ТШО» компаниясына 70 миллион доллардан астам сомаға айыппұл салынды. Істі қарау бір жылдан астам уақытқа жалғасты. Ақырында алдыңғы істегі сияқты, «ТШО»-ның мүддесі қалпына келтірілді. Бұл Жұмагелді Сәкенұлы мен оның әріптестерінің ғаламат күш-жігер салуының арқасында мүмкін болды! «ТШО» компаниясының құқығы мен мүддесін қорғау аясында осы және басқа да көптеген істер мен көкейтесті мәселелер бойынша ол дереу БАҚ пен ғылыми басылымдарда өзекті мақалалар жариялады. Оның кейбіреуін ғана атап өтсек, бұл «Теңізшевройл» БК қызметінің құқықтық аспектілері», «Нарық жағдайында еңбек заңнамасын қолданудың кейбір мәселелері туралы», «Сот билігі және шетелдік инвесторлардың мүддесін қорғау мәселелері», «Қазақстанда және ТМД елдерінде күкірт өндірудің, сақтау мен тасымалдаудың құқықтық аспектілері» және т.б.

«ТШО» компаниясының құқығы мен мүддесінің көптеп бұзылуын талдай келе, Жұмагелді Сәкенұлы мұнай саласындағы көптеген құқықтық мәселенің ортақ сипаты бар деген қорытындыға келді. Оның бәрін жүйелі түрде шешу керек болды. Осылайша ол бұл салады қызмет ететін заңгерлерді біріктіру туралы ойға келді. Сол арқылы олар кәсіби тұрғыда кеңінен қатынас жасайтын алаң құруға, мемлекеттік органдарға пікірін жеткізуге және қалыптасқан жағдайдың оңтайлы шешімін табу жолында ұсыныс енгізуге мүмкіндік алатынын анық түсінді. 2002 жылы Қазақстанның Мұнай-газ саласының заңгерлері қауымдастығының (КРLА) құрылуы расында да Жұмагелді Сәкенұлының ұйымдастырушылық қабілетінің шыңы болды. Ол әлі күнге дейін оның тұрақты Президенті. Сонымен қатар, Жұмагелді Сәкенұлының бастамасымен «ТШО» компаниясының және заңгерлер қоғамдастығының қолдауымен республикадағы әйгілі форум – «Атырау халықаралық құқық конференциясы» құрылды. Оның аясында тұрақты негізде конференциялар өткізіліп, әр жиынның нәтижесінде қарар қабылданып, форум материалдары топтастырылған және Қауымдастық мүшелері ғана емес, қалауы бар адамның барлығының оқуына болатын жинақтар шығарылады.

Ақырында, 2004 жылы Жұмагелді Сәкенұлының бастамасымен «Жер қойнауын пайдалану және құқық» («Недропользование и право») журналы құрылды, ол бұрынғы кеңестік елдер ауқымындағы әр нөмірі толық көлемде орыс және ағылшын тілдерінде шығатын жалғыз басылым болды. Осы жылдар бойы ол журналдың бас редакторы қызметін атқарып келеді.

«ТШО» компаниясынан кетер алдында Жұмагелді Сәкенұлы ғылым саласындағы негізгі мақсатын орындады: заң ғылымының кандидаты ғылыми дәрежесін алуға диссертациясын аяғына жеткізді. 2008 жылы кандидаттық диссертациясын қорғады, дәл сол жылы оған тиісті ғылыми дәреже берілді. Бұған қосарым, 2011 жылы оған заң ғылымдарының докторы ғылыми дәрежесі де берілді.

2008 жылы Жұмагелді Сәкенұлы Алматы қаласындағы «Шеврон» корпорациясының Еуразиялық бөлімшесінің Басқарушы құқықтық кеңесшісі қызметіне шақырылды. Жұмыс кестесі өте тығыз болғанына қарамастан, ол өзінің сүйетін жұмысы – өзі құрып, басқарған «ТШО» компаниясының Құқықтық департаментін де ұмытқан жоқ. Кез келген мүмкіндікті пайдаланып оның ұжымына барды, кеңес, консультация, тіпті құқықтық қорытынды беріп, көмегін еш аяған жоқ. Бұған дейін шетелдік серіктестер де, өзінен бұрынғы қызметкерлер де «ТШО»-мен мұндай қарым-қатынасқа ешқашан жол берген емес.

Жұмагелді Сәкенұлының ғылыми ізденістеріне тоқталмай өтуге болмайды. Осы уақытқа дейін ол кәсіби қызметі мен ғылыми мәселелерге байланысты 13 іргелі кітап және құқықтың көптеген саласына (конституциялық, қылмыстық, азаматтық құқық, еңбек, жер, әкімшілік, салық, экологиялық, инвестициялық құқық, жер қойнауы бойынша құқық және т.б.) қатысты 250-ден астам мақаланы жарыққа шығарды. Сонымен қатар, ол көп жылдар бойы әртүрлі нормативтік актілерді әзірлеуге белсенді түрде атсалысып, тиісті жұмыс топтарына мүше болды, Алматы қаласындағы бірнеше жоғары оқу орнында дәріс оқып педагогикалық қызметпен айналысты, дауды делдалдық тәртіппен қарау орталығын құрды және оның жұмысына, төрелік және аралық соттардың қызметіне қатысты. Зейнеткерлік демалысқа шыққан соң өзі құрған «Kazakhstan Bar Association коммерциялық заңгерлер алқасы» республикалық қоғамдық бірлестігінің жұмысына қатысты. Қазіргі уақытта ол «Kazakhstan Bar Association» заң консультанттары палатасы болып қайта ұйымдастырылған қауымдастықтың төрағасы.

Жұмагелді Сәкенұлы Қазақстан Республикасының құқықтық жүйесін дамытуға елеулі үлес қосқаны үшін «Құрмет», «Парасат» ордендерімен және көптеген мемлекеттік және ведомстволық медальдармен марапатталған.

Жұмагелді Сәкенұлы! Қажымай еңбек етіп келе жатқан Сізді барлығымыз мақтан тұтамыз! Заңға қызмет ету, елімізде дамудың демократиялық қағидаттарын орнықтыру, ізгі және әділ құқықтық жүйені қалыптастыру, өскелең ұрпақты тәрбиелеу және Қазақстан ғылымын дамыту жолында табыстан табысқа жетіп, биіктен көрініп, бізді қуанта беріңіз. Ешқашан да жұбымыз жазылмасын. Сізге зор денсаулық, ұзақ ғұмыр тілеймін!

Следите за свежими материалами, подписывайтесь здесь: TelegramInstagramFacebook, YouTube